Деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету және оңалту жұмыстары бағытында қызмет атқарғаныма 8 жылдай уақыт болыпты. Теология саласында, нақты айтқанда исламтанулық тұрғыдан әр-түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланыппын. Теріс бағыттағы азаматтардың санасымен жұмыс жасап, оларды райынан қайтару, оңалту жұмыстарымен күні бүгінге дейін үздіксіз жұмыс істеп келемін.
Оңалтушы теолог маман ретінде аналитикалық тұрғыда айтарым, реабилитация бағыты бойынша арнайы оңалту методикасына назар аударған жөн деп санаймын. Ахмет Байтұрсынұлы атамыз "Бәрі де істің әдісін үйретпей, тек мәнісін үйретеді.... Әдіссіз тек мәніс білімі – өлі білім" деп бекер айтпаса керек. Бұл салада да тек білім жеткіліксіз, әдіс-тәсілді қатты қажет етеді.
Бір күні ғаламтор желілерінде @paigambar_aqidasi инста парақшасында қателескен тұлғалардың дәстүрлі исламға қайтып, қоғамға бейімделіп, тіпті өздерінің сенімдерін жасырмай, өз еркілерімен көпшілікке жариялаған видеоларды, яғни оңалту жұмыстарының нәтижелерін көріп қалдым. Содан зерттеп қарасам, жат ағымда болғандардың беттері бері қарағандары да аз емес, желіде таралғаны бар, таралмағаны да бар екенін білдім.
Бұл бағытта ШҚО-да теолог қызметін атқарған исламтану ғылымдарының (PhD) докторанты, ақида ғылымының маманы Серік Тәжібаевтың оңалту саласындағы жұмысының жемісі екен. Теория мен практиканы бірге алып, жұмыс нәтижелерін жазып, сызып жүргені байқалды. Автордың оңалту методикасын құрасытырып, оның бірінші бөлімін «Пайғамбар Ақидасы» деп атап, кітап күйінде жарыққа шығарыпты.
Оңалту методикалық құралын қолға түсіріп, бір жыл бойы оқып, зерттеп, зерделеп шықтым. Жазылған дүние ислам теологиясы бағытындағы классикалық еңбектердің түйіндерін ғылыми тұрғыда талдау жасалғаны анық. Әдістемелік құралды оқып, бүге-шегесіне дейін меңгеріп алдым. Алайда, "Оқ бар, қару жоқ", "Отын бар, оттық жоқ" деген секілді қалай қолдану керек екенін білмедім! Автордың Ю-Туб парақшасында кіріспе бөлімін түсіндіргені бойынша ДДА жақтастарына көрсетіп, жеткізіп отырдық. Бірақ нәтиже шамалы.
Бірде Атырау қаласына автор С.Тәжібаев іс-сапармен келгенінде өзімен кездесіп, теріс бағыттағы азаматтарды оңалту жұмыстарына қатыстым. Пайғамбар ақидасын менің түсіндіруім мен автордың түсіндіру әдісінде айырмашылықты аңғардым. Автор түсіндірген кезде қате бағыттағылар толықтай келісімдерін беріп, өздерінің қателерін мойындап, дәстүрлі исламның бейне бір формуласын көргендей беттері бері қарап жатты.
Методиканы қолдану нәтижесі ДДА мүшелерімен қатар, теолог-мамандарды да таң қалдырды. Методика формула тәрізді қызмет атқарып, 2+2=4 секілді оңалту жұмысы нәтиже берді. 7 күн бірге жүрдім, барлық кездескен ДДА мүшелері беттері бері қарап жатқанына өзім куә болдым.
Жат ағым өкілдерінің «қанша теологпен кездестім, қанша кітап оқыдым, бірақ мынадай мағлұмат кездестіргенім жоқ, толық қабылдаймын» деген сөздерімен көздерінің ашылғандарын жеткізіп жатқандарына да куә болдым.
Серік Тәжібаевтан методиканы терең меңгеріп алып, енді қазір осы методикамен жұмыс жасап келемін. Нәтиже - методикасыз жұмыстан қарағанда «жер мен көктей» айырмашылық бар. Автордың айтқаны бойынша ДДА мүшесі кем дегенде – дәстүрлі исламға дұрыс пікір қалыптастырылады. Сондай-ақ, осы күнге дейін ДДА мүшелері оңалғаннан кейін, арада біраз уақыт өткен соң да сол дәстүрлі бағытын өзгертпегенін көз көрді.
Автормен кездескенге дейінгі және кейінгі оңалту жұмыстарында айтарлықтай айырмашылық бар екенін дөп басып айта аламын. Авторды қатты танымаймын, алайда методиканы түсіндіріп бергеннен кейін өзім де практик теолог-маман ретінде маңыздылығын сезіндім.
Қазіргі жағдайда деструктивті діни ағым жетегінде жүргендерді оңалтумен айналысатын әріптестеріме: «Пайғамбар Ақидасы» методикасы, әрі оны қолдану әдісі теологтарға ауадай қажет екенін айтқым келеді. Себебі, ДДА мүшелерінің лидерлері мойындап, Әл-Азһар университетінің профессорлары да қолдап, отандық ғалымдардың баталары берілген. Сондай-ақ ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің дінтану сараптамасы мен ҚМДБ-ның дінтану тексерісінен өткен.
Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев айтпақшы: «Рухани кеселдің емін, отандық дәрілермен емдеген дұрыс. Пайғамбар Ақидасы практикада жақсы нәтиже көрсетті» дегеніне орай, аталмыш «Пайғамбар Ақидасы» методикасымен жұмыс жасап, лажы болса автордың өзінен біліктілікті арттырып алған жөн.
«Пайғамбар Ақидасы» әдісі бұл тек бастамасы. С.Тәжібаевтың оңалту методикасы жалпы 5 этаптан тұрады, олар: 1-Пайғамбар ақидасы, 2-Пайғамбар Ахлағы, 3-Пайғамбар намазы, 4-Пайғамбар дағуаты, 5-Дін және мемлекет!
Осы бес этаптан өткен ДДА мүшесі толықтай дәстүрлі исламға бет бұрып, Қазақстан құндылықтарына бейімделіп, зайырлылық ұғымы мен ҚМДБ-ға дұрыс пікір қалыптасады.
Сөзімді қорыта келе, Еліміздегі барлық облыстарда осы әдіс қолданылса, талай белестерді бағындырып, нәтижелі оңалту жұмысы жасалар еді. Өйткені, реабилитация жұмысында уақыт қысқа және қайта-қайта кездесу қиындау. Сол аз уақыттың ішінде алдыңдағы адамға тек оған керек мағлұматтарды, нақты әрі түсінікті, қарапайым әдіспен жеткізу аса маңызды болып отыр.
"Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" деген ұлыларымыздың ұранымен ұмтылатын уақыт жетті.
Теолог Азамат ТУЛЕПОВ